Алматыда «Өкпенің артериялық гипертензиясы (ӨАГ): симптомдар мен емдеу арасында. Сирек кездесетін ауруларды емдеудегі пациенттің жолы мен жүйенің мүмкіндіктері» атты медиа-кездесу өтті. Шараның атауы өкпенің артериялық гипертензиясына шалдыққан пациенттердің көбіне кездесетін басты қиындығын көрсетеді: алғашқы белгілердің пайда болуы мен диагноз қою арасында жиі үлкен уақыт алшақтығы туындайды. Сонымен қатар, дәл осы уақыт аралығы пациенттің өмір сүру сапасы мен емдеу болжамын айтарлықтай айқындайды.
Іс-шараға дәрігерлер, пациенттер ұйымдарының, фармацевтика саласының өкілдері және БАҚ мамандары қатысты. Басты тақырып – бұл сирек аурудың көп жағдайда назардан тыс қалатыны айтылып, пациенттің диагностика мен тиісті емге жету жолын жылдамдату мүмкіндіктері қарастырылды.
Сарапшылар ӨАГ кезінде уақыттың шешуші фактор екенін атап өтті. Диагноз неғұрлым ерте қойылса, ауруды бақылауда ұстау және өмір сүру сапасын сақтау мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Сонымен қатар, Қазақстанда бұл дертті емдеуді мемлекет қамтамасыз етеді: диспансерлік есепте тұрған пациенттер тегін немесе жеңілдікті дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды алуға құқылы.
Дегенмен, пациенттердің мамандандырылған емге қол жеткізуі іс жүзінде әлі де тым баяу жүзеге асырылуда.
Бұған ауру симптомдарының айқын еместігі себеп болып отыр.
«ӨАГ жиі басқа аурулардың белгілеріне ұқсас келеді. Ентігу, тез шаршағыштық, әлсіздік – бұл симптомдар ұзақ уақыт бойы күдік тудырмауы мүмкін. Соның салдарынан пациенттер нақты диагноз қойылғанға дейін ұзақ уақыт жоғалтады немесе оны аурудың асқынған кезеңдерінде біледі. Ал ерте диагностика аурудың барысына және емнің нәтижелілігіне тікелей әсер етеді», – деп атап өтті Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиология бөлімшесінің дәрігер-кардиологы, өкпе гипертензиясы бойынша жауапты маман Ойбек Мамадалиев.
Дерттің дер кезінде анықталмауы ӨАГ-ның асқынған түрлерінің өсуіне себеп болады. Бұл емдеуді қиындатып, денсаулық сақтау саласына түсетін салмақты арттырады. Сондықтан халықтың сауаттылығын арттыру – қосалқы жұмыс емес, ауруды жеңудің негізгі жолы.
Жиынға қатысушылар дерт анықталғаннан кейінгі науқастардың өмірін де талқылады. ӨАГ тек денсаулықты ғана емес, адамның күнделікті тіршілігіне, жұмысына және көңіл-күйіне де әсер етеді.
«Өкпенің артериялық гипертензиясы кезіндегі басты кедергі – медициналық шешімдердің қолданысқа енгізілу жылдамдығының төмендігі. Емдеудің заманауи әдістері бар, бірақ іс жүзінде науқастар диагноздың кеш қойылуына, арнайы орталықтарға жетудің қиындығына және емді айлап күтуге тап болады. Аурудың өршуіне емнің жоқтығы емес, денсаулық сақтау жүйесіндегі қажетті терапияға қол жеткізудің қиындығы себеп болуда», – деп бөлісті «Еуразия пациенттік ұйымдарының одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Саида Таукелева.
Диагнозды растаудың негізгі әдісі – жүректің оң жақ бөлімдерін катетерлеу. Бұл процедураны өткізу үшін арнайы құрылғылар, рентген-операциялық залы және кәсіби мамандар командасы керек. Бұл – жоғары технологиялық диагностика, сондықтан мұндай ресурстар барлық жерде бірдей қолжетімді емес, әсіресе ірі медициналық орталықтардан тыс жерлерде тапшы.
«Мұндай жағдайларда ең маңыздысы – пациентті растаушы диагностика мен ӨАГ жүргізу тәжірибесі қолжетімді мамандандырылған орталыққа уақтылы бағыттау. Маршруттандыру мен сарапшылық көмек алу жолдары неғұрлым жүйелі болса, ем-домды ерте бастап, дерттің өршу қаупін төмендетуге мүмкіндік туады»», – деп атап өтті Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ мен Almaty Sema Hospital дәрігер-кардиологы, функционалдық диагностика дәрігері Ирада Сафарова.
Сол себепті науқастың өз дертімен бетпе-бет жалғыз қалмауы ерекше маңызды. Денсаулық сақтау жүйесінде бағдарлауға, диагностикалау жолын қысқартуға көмектесетін және практикалық тәжірибесімен бөлісетін пациенттер ұйымдарының қатысуы, түсінікті маршруттандыру және сенімді ақпаратқа қолжетімділік қажет.
Іс-шараның ұйымдастырушысы — сирек кездесетін аурулар туралы хабардарлықты арттыруға және денсаулық сақтау саласындағы жүйелі шешімдерді қолдауға бағытталған бастамаларды дәйекті түрде дамытып келе жатқан «Johnson & Johnson Kazakhstan» ЖШС компаниясы.
«Johnson & Johnson компаниясы ӨАГ саласында 10 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Осы кезең ішінде біздің шешімдеріміз бүкіл әлем бойынша 400 000-нан астам пациентке көмектесті. Медицинаның дамуы арқасында пациенттердің өмір сүру көрсеткіштері мен өмір сапасы жақсарып жатқанын көріп отырмыз. Бұл ретте емдеуді мүмкіндігінше ерте бастау маңызды, сондықтан біз тек терапияға қолжетімділікті кеңейтуге ғана емес, сонымен қатар практикалық бастамаларға – сараптаманы дамытуға және ауруды ерте анықтау мен хабардарлықты арттыруға бағытталған жобаларға көңіл бөлеміз. Бұл тұрғыда біз мемлекетті негізгі серіктес әрі одақтас ретінде қарастырамыз, өйткені бірлескен күш-жігермен ғана айтарлықтай өзгерістерге қол жеткізуге болады. Бүгінгі таңда диалогқа ашықтық пен шешімдерді іздеуге дайындық бар, бұл өте маңызды. Қазірдің өзінде біз оң өзгерістерді көріп отырмыз және біздің міндетіміз – бүкіл ел бойынша терапияға қолжетімділік біркелкі болуы үшін осы бағытта қозғалысты жалғастыру», – деді Johnson & Johnson Innovative Medicine ТМД нарықтарының директоры әрі «Johnson & Johnson Kazakhstan» ЖШС бас директоры Әділет Назарбаев.
Компанияның ұстанымы анық: ӨАГ туралы білімді тереңдету және емге ерте қол жеткізу — алғашқы белгілерден диагнозға дейінгі аралықты қысқартудың бірден-бір жолы. Дерт ерте танылса, ем де ерте басталады, бұл аурудың асқынуын тежеуге мүмкіндік береді.
Компания ұйымдастыратын осындай кездесулер мамандардың басын қосып, ортақ шешім табуға жол ашады. Біздің мақсатымыз – сирек кездесетін аурулар туралы ақпаратты ашық етіп, әрбір пациенттің заманауи медициналық көмекке дер кезінде жетуіне жағдай жасау.









