Алматы, 2026 жылғы 27 шілде. Orbis Auto автомобильдер тобының құрамына кіретін Porsche брендінің Қазақстандағы ресми импорттаушысы ел нарығында жаңа толықтай электрлі Porsche Cayenne моделін таныстырды. Жаңа модель SUV және Coupé кузов нұсқаларында, қуаты 1 156 ат күшіне дейін жететін үш модификацияда ұсынылады. Бастапқы бағасы – 60 млн теңге.
Cayenne Electric моделінің бағасы 60 000 000 теңгеден, Cayenne S Electric – 73 000 000 теңгеден, ал Cayenne Turbo Electric – 94 000 000 теңгеден басталады. Осындай бастапқы бағалар Coupé кузовындағы нұсқаларға да белгіленген. Көлікке екі жылдық кепілдік беріледі, ал жоғары вольтты аккумуляторға сегіз жылдық зауыттық кепілдік қолданылады.
2026 жылдың соңына дейін Қазақстанға толықтай электрлі 14 Cayenne жеткізу жоспарланған: оның тоғызы – SUV, бесеуі – Coupé кузовында. Қазіргі уақытта бес автомобиль сатылды.
Толықтай электрлі Cayenne іштен жанатын қозғалтқыштары және қосылатын гибридті күштік қондырғылары бар Cayenne модельдер қатарын толықтырды. Осылайша Porsche клиенттері күштік қондырғының үш түрінің бірін таңдау мүмкіндігін сақтайды.
Автомобильдің қуаты 1 156 ат күшіне дейін жететін үш нұсқасы
Cayenne Electric модельдерінің барлық нұсқасы әр осьте бір-бірден орналасқан екі электрқозғалтқышпен және Porsche Traction Management интеллектуалды толық жетек жүйесімен жабдықталған.
Cayenne Electric 300 кВт (408 а.к.) қуат өндіреді, ал Launch Control функциясы іске қосылғанда бұл көрсеткіш 325 кВт-қа (442 а.к.) дейін артады. Автомобиль 100 км/сағ жылдамдыққа 4,8 секундта жетеді, ең жоғары жылдамдығы – 230 км/сағ, ал WLTP стандарты бойынша жүріс қоры 642 шақырымға дейін.
Cayenne S Electric базалық және Turbo нұсқаларының арасында орналасқан. Оның күштік қондырғысы 400 кВт (544 а.к.), ал Launch Control режимінде 490 кВт (666 а.к.) қуат береді. 100 км/сағ жылдамдыққа 3,8 секундта жетеді, ең жоғары жылдамдығы – 250 км/сағ. WLTP циклі бойынша жүріс қоры 653 шақырымға дейін.
Cayenne Turbo Electric – Porsche тарихындағы ең қуатты сериялық модель. Қалыпты режимде оның қуаты 630 кВт (857 а.к.), ал Launch Control қосылғанда 850 кВт-қа (1 156 а.к.) және 1 500 Н·м айналу моментіне дейін жетеді. 100 км/сағ жылдамдыққа небәрі 2,5 секундта, 200 км/сағ жылдамдыққа 7,4 секундта жетеді. Ең жоғары жылдамдығы – 260 км/сағ. WLTP стандарты бойынша жүріс қоры 623 шақырымға дейін.
Cayenne S Electric және Cayenne Turbo Electric модельдері артқы осьтегі электрқозғалтқышты тікелей маймен салқындату жүйесімен жабдықталған. Автоспорттан алынған бұл технология ұзақ уақыт жоғары жүктеме кезінде күштік қондырғының тиімділігін сақтауға мүмкіндік береді.
16 минуттан аз уақытта 10%-дан 80%-ға дейін зарядтау мүмкіндігі
Барлық нұсқалар 113 кВт·сағ сыйымдылықтағы жоғары вольтты аккумулятормен жабдықталған. 800 вольттық архитектураның арқасында тұрақты токпен зарядтау қуаты 390 кВт-қа дейін, ал белгілі бір жағдайларда 400 кВт-қа дейін жетеді.
Қуатты жылдам зарядтау станциясында аккумуляторды 10%-дан 80%-ға дейін 16 минуттан аз уақытта зарядтауға болады. Ал 10 минуттық заряд Cayenne Electric моделіне 325 шақырымға дейін, Cayenne Turbo Electric моделіне 315 шақырымға дейін жол жүруге жеткілікті энергия береді.
Энергияны рекуперациялау жүйесінің қуаты 600 кВт-қа дейін жетеді, бұл көрсеткіш Formula E жарыс автомобильдерінің деңгейімен шамалас. Күнделікті пайдалану кезінде тежеулердің шамамен 97%-ы электрқозғалтқыштардың көмегімен жүзеге асады, ал механикалық тежеу жүйесі тек қажет болған жағдайда ғана іске қосылады.
Жаңа электр платформасы
Cayenne Electric жаңа буындағы электр платформасында әзірленген. Іштен жанатын қозғалтқышы бар Cayenne-мен салыстырғанда автомобильдің ұзындығы 55 мм-ге ұзарған, ал доңғалақ базасы шамамен 13 см-ге көбейген. Бұл екінші қатардағы жолаушылар үшін кеңістікті айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Негізгі жүксалғыштың көлемі 781–1 588 литр, ал алдыңғы жүксалғыштың көлемі – 90 литр. Жабдықталуына қарай автомобиль салмағы 3,5 тоннаға дейінгі тіркемені сүйрей алады.
Барлық нұсқалар стандартты түрде Porsche Active Suspension Management жүйесі бар бейімделетін пневматикалық аспамен жабдықталған. Cayenne S Electric және Cayenne Turbo Electric модельдері үшін бойлық және көлденең тербелістерді іс жүзінде толық өтейтін Porsche Active Ride белсенді аспасы қосымша опция ретінде ұсынылады. Сондай-ақ барлық нұсқаларда артқы дөңгелектерді бес градусқа дейін бұратын толық басқарылатын шасси қолжетімді.
Жаңа Cayenne модельдің танымал пропорцияларын сақтай отырып, төмен орналасқан капотпен, жіңішке матрицалық LED фаралармен және жақтаусыз есіктермен ерекшеленетін аэродинамикалық жаңа кузовқа ие болды. Аэродинамикалық кедергі коэффициенті – 0,25.
Porsche Active Aerodynamics жүйесі қозғалыс жылдамдығы мен жол жағдайына байланысты ауа ағындарын автоматты түрде реттейді. Оның құрамына белсенді ауа қабылдау қақпақтары, бейімделетін төбе спойлері және автомобильдің тиімділігі мен тұрақтылығын арттыратын басқа да аэродинамикалық элементтер кіреді.
Porsche тарихындағы ең үлкен дисплейлер алаңы
Жаңа Porsche Driver Experience тұжырымдамасының негізгі элементі – орталық консольге біртіндеп жалғасатын иілген Flow Display OLED дисплейі. Оны 14,25 дюймдік цифрлық аспаптар панелі және қосымша 14,9 дюймдік алдыңғы жолаушы дисплейі толықтырады. Үшеуі бірігіп Porsche автомобильдері тарихындағы ең үлкен цифрлық дисплейлер кеңістігін құрайды.
Жаңа Cayenne үшін сондай-ақ мөлдірлік деңгейі реттелетін Variable Light Control панорамалық шатыры, салонның атмосферасы мен баптауларын өзгертетін Mood Modes режимдері, жарық коммуникациялық жолағы және шынтақ тіректері мен есік панельдерін қоса алғанда жанасу беттерін жылыту жүйесі қолжетімді.
Cayenne Coupé Electric қыркүйекте қол жетімді болады
Алғашқы Cayenne Coupé Electric модельдері Қазақстанға 2026 жылдың қыркүйегінде жеткізіледі деп күтілуде. Қазірдің өзінде модельдің үш нұсқасына – Cayenne Coupé Electric, Cayenne S Coupé Electric және Cayenne Turbo Coupé Electric – тапсырыс беруге болады.
Cayenne Coupé Electric Porsche 911 силуэтінен шабыт алған төмен түсетін flyline төбе сызығымен ерекшеленеді. Купе тәрізді пішін аэродинамикалық кедергі коэффициентін 0,23-ке дейін төмендетіп, WLTP стандарты бойынша жүріс қорын SUV нұсқасымен салыстырғанда 18 шақырымға ұлғайтып, 669 шақырымға дейін жеткізді.
Спорттық келбетіне қарамастан, Coupé Cayenne моделіне тән практикалық қасиеттерін сақтап қалды: негізгі жүксалғыш көлемі 534–1 347 литр, ал алдыңғы жүксалғыш көлемі 90 литрді құрайды.
2026 жылғы 12–16 тамыз аралығында Porsche Track Experience Kazakhstan бағдарламасының қатысушылары кәсіби Porsche нұсқаушыларының жетекшілігімен СТК Sokol автодромында жаңа электрлі Cayenne мүмкіндіктерін сынап көре алады.
Толықтай электрлі Cayenne моделіне Porsche Centre Almaty және Porsche Centre Astana ресми дилерлік орталықтарында тапсырыс беруге болады. Сонымен қатар автомобильдер Алматы және Астана қалаларындағы ресми Porsche орталықтарында тест-драйвқа қолжетімді болады.
Ескерту: Нақты жүріс қоры мен зарядтау уақыты автомобильдің жабдықталуына, аккумулятордың температурасына, зарядтау станциясының параметрлеріне, ауа райы мен жол жағдайларына, сондай-ақ жүргізу мәнеріне байланысты өзгеруі мүмкін.


Автомобильдің қуаты 1 156 ат күшіне дейін жететін үш нұсқасы
16 минуттан аз уақытта 10%-дан 80%-ға дейін зарядтау мүмкіндігі
Жаңа электр платформасы
Porsche тарихындағы ең үлкен дисплейлер алаңы
Cayenne Coupé Electric қыркүйекте қол жетімді болады





