Астана мен Шымкент БҰҰ-ның жаһандық науқаны аясында өткен «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» кинофестивалінің алаңына айналды

2025 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанда «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» (#EndViolence Film Festival) кинофестивалі өз мәресіне жетті. Оның аясында Астана мен Шымкент қалаларында тегін көрсетілімдер сериясы ұйымдастырылды.

Фестиваль жыл сайын әлемнің 180-нен астам елін қамтитын БҰҰ-ның «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» жаһандық науқанының бір бөлігіне айналды. Биыл науқан Бейжің декларациясы мен Іс-қимыл платформасының  30 жылдығымен тұспа-тұс келді – бұл құжат әлемдік әйелдер құқығы саласындағы күн тәртібін айқындаған маңызды оқиға болып саналады.

Іс-шараны БҰҰ-ның Қазақстандағы Елдік тобы – БҰҰ Қазақстандағы Тұрақты үйлестіруші кеңсесі, ЮНФПА, БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), БҰҰ Еріктілері, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы, сондай-ақ inDrive компаниясы мен Alternativa жобасымен ынтымақтастықта гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі Орталық Азия альянсы ұйымдастырды.

Елемеуге болмайтын цифрлар

Мұндай бастамалардың қажеттілігін жаһандық статистика айқын көрсетеді. БҰҰ деректеріне сәйкес, әрбір үшінші әйел өмірінде кемінде бір рет зорлық-зомбылыққа ұшырайды, ал жапа шеккендердің жалпы саны 1,3 миллиард адамнан асады. Мәселенің ауқымы әлі де күшін жоймаған стереотиптер мен зорлықты ақтап алуға немесе жасыруға бейім әлеуметтік нормалар арқылы тереңдеп отыр. 

2025 жылы БҰҰ науқаны «Барлық әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты жою» тақырыбына арналды. Себебі цифрлық кеңістік ең қауіпті алаңдардың біріне айналуда: онлайн-қорлау мен қудалаудан бастап, рұқсатсыз таратылған интимдік материалдар, дипфейктер және гендерлік жалған ақпаратқа дейінгі жаңа қауіптер күн сайын көбейіп келеді. Сонымен қатар, әлем елдерінің 40%-дан азында ғана әйелдерді интернеттегі жыныстық қудалау мен қысымнан қорғайтын заңдар бар, бұл 1,8 миллиард әйел мен қызды іс жүзінде құқықтық қорғаусыз қалдырады.

Осындай жағдайда «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» кинофестивалі адамдарға шынайы әрі әсерлі тарихтарды көрумен қатар, әдетте жария талқылаудан тыс қалатын маңызды тақырыптарды ашық айтуға мүмкіндік берді. Қазақстан, Қырғызстан және Непалдан ұсынылған төрт толықметражды фильм – деректі және көркем жанрдағы жұмыстар – зорлық-зомбылықтың түрлі қырларын көрсетіп, бұл тақырыпты ашық айту маңызды екенін дәлелдеді. Көрсетілімнен кейінгі пікірталастар фестиваль әсерін күшейтіп, көрермендерге экрандағы оқиғаларды қоғамдағы нақты мәселелермен байланыстыруға мүмкіндік берді.

Фестиваль бағдарламасы

Фестивальде ұсынылған фильмдер зорлық-зомбылықтың түрлі формаларын және олардың адамдар өміріне тигізетін әсерін терең түсінуге жол ашты. 

«Деви» фильмінде режиссер Субина Шреста Непалдағы азаматтық соғыс кезінде зорлық-зомбылық көрген әйелдің тарихын баяндайды. Мемлекеттік құрылымдар зорлық мәселесін жабуға тырысқан уақытта, Деви өз жараларын емдеп, абыройын қалпына келтіруге және әділдік үшін күрес бастауға талпынады.

Қазақстандық режиссер Ринат Балғабаевтың «Горгона» картинасы 2022 жылғы жаһандық цифрлық флешмобтан шабыт алған. Сол кезде мыңдаған қыз Медуза Горгонаның бейнесін өздерін қорғау символы ретінде бөліскен еді. Фильм осы цифрлық манифестті көркем тілге айналдырып, онлайн және офлайн кеңістікте қысымға, буллингке және шекаралардың бұзылуына тап болған әйелдердің шынайы дауыстарын жеткізеді.

Асхат Күчинчирековтың «Бауырына салу» фильмі эмоционалдық зорлық пен отбасылық-әлеуметтік күтулер салдарынан таңдау еркіндігінің болмауын қозғайды. Картина ескі әдет-ғұрыптар негізінде қалыптасқан мінез-құлық үлгілерінің сырттай қалыпты көрінгенімен, ұзақ мерзімді жан жарасына әкелетінін көрсетеді.

Қырғыз режиссері Мирлан Абдыкалыковтың «Қыз алып қашу» фильмі нақты оқиғаларға сүйене отырып, бұрмаланған дәстүрлердің әлі күнге дейін әйелдер мен қыздардың құқықтарын бұзуға әкелетінін көрсетеді.

Нәтижесі және ықпалы

Кинофестиваль қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар бастаманың режиссерлер мен продюсерлерді, белсенділерді және көрермендерді біріктіріп, диалогқа, идеялармен алмасуға және бірлескен шешімдер іздеуге арналған алаң құрғанын атап өтті.

25 қараша мен 1 желтоқсан аралығында фестиваль бағдарламасын тамашалаған көрермендер көп болды , сондай-ақ сарапшылар, құқық қорғаушылар және халықаралық ұйым өкілдері қатысқан 2 пікірталас ұйымдастырылды. Астанадағы пікірталасқа актер Айдос Ауесбаев, GBV жөніндегі сарапшы Айгерім Құсайынқызы және HeForShe Central Asia одақтасы, актер Азиз Бейшеналиев қатысты. Шымкентте талқылауды Қазақстандағы БҰҰ-әйелдер бағдарламасының жетекшісі Дина Амришева, inDrive өкілі Қанат Ноғайбаев және “Қыз алып қашу” фильмінің сценарий авторы Тынчтык Абылкасымов жалғастырды. Екі кездесуді де әнші әрі БҰҰ Халық санағы қорының Қазақстандағы құрметті елшісі Акмаржан Кушербаева (Kaliya) модерациялады.

inDrive және Alternativa жобаларымен серіктестікте ұйымдастырушылар импакт-кино өнеріне қоғам назарын аударды. Бастама әлеуметтік желілер мен кәсіби ортада қолдау тауып, бұл тақырыпты ашық талқылауға қоғамда жоғары сұраныс бар екенін көрсетті. 

«Цифрлық зорлық-зомбылық адамдардың денсаулығына, қауіпсіздігіне және әл-ауқатына елеулі зиян келтіреді. Ол көбіне онлайн кеңістіктен шығып, қудалау, аңду, физикалық зорлық-зомбылық немесе тіпті фемицид түрінде көрініс табады. Біз зорлық-зомбылықтың осы түрі туралы айтып, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруымыз қажет», – деді д-р Джерен Гювен Гюрэс, «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Орталық Азия үйлестіру кеңсесінің басшысы және «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Қазақстандағы елдік кеңсесінің өкілі.

Гендерлік зорлық-зомбылық – адам құқықтарының ең өрескел бұзушылықтарының бірі, ал өнер – стереотиптерді бұзуға, қиын мәселелерді ашуға және қоғамдық диалогты бастауға ықпал ететін күшті құрал.

«Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» кинофестивалі фильмдер, пікірталастар және түрлі секторлардың серіктестігі арқылы зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыруға және жапа шеккендерді қолдауға болатынын дәлелдеді.

 

Обнаружили ошибку или мёртвую ссылку?

Выделите проблемный фрагмент мышкой и нажмите CTRL+ENTER.

В появившемся окне опишите проблему и отправьте уведомление Администрации ресурса.

Другие новости

wave
thumb
thumb
thumb
thumb
thumb
thumb

Комментарии (0)

wave

Оставить комментарий

wave