Xiaomi компаниясы Xiaomi 18 Pro флагмандық смартфондарының жаңа сериясын таныстырды. Оған Xiaomi 18 Pro және Xiaomi 18 Pro Max модельдері кіреді. Жаңа құрылғылардың басты ерекшелігі – Xiaomi Back Display инновациялық артқы экраны. Ол премиум санаттағы смартфонды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен қатар құрылғылар Leica Dual-200 Мп камера жүйесімен, Snapdragon® 8 Elite Extreme Gen 6 және Snapdragon® 8 Elite Gen 6 жаңа мобильді платформаларымен және жасанды интеллект негізіндегі кеңейтілген интеллектуалды функциялармен жабдықталған. Бұл мүмкіндіктер смартфонды пайдалану тәжірибесін жаңа деңгейге көтереді.
ЖИ қолдайтын Xiaomi Back Display артқы экраны фото және бейнетүсірілім, өнімділік пен шығармашылыққа жаңа мүмкіндіктер ашады
Xiaomi 18 Pro сериясы Back Display жаңа артқы экраны арқылы Xiaomi компаниясының инновациялық құрылғылар жасау бағытындағы жұмысын жалғастырады. Смартфонның артқы панеліндегі кеңістікті тиімді пайдаланатын бұл экран фото және бейнетүсірілім мүмкіндіктерін кеңейтеді, күнделікті міндеттерді тиімді орындауға көмектеседі және шығармашылыққа арналған жаңа құралдарды ұсынады. Сондай-ақ интеллектуалды құрылғылар мен сервистермен өзара әрекеттесудің қосымша интерфейсіне айналады.
Артқы экраны смартфонның негізгі дисплейінде қолданылатын арнайы әзірленген M11 панелінің негізінде жасалған. Ол әртүрлі пайдалану жағдайында 4000 нитке дейінгі ең жоғары жарықтықты және 1-ден 120 Гц-ке дейінгі бейімделгіш LTPO жаңарту жиілігін³ қамтамасыз етеді. Соның арқасында екі экранды да пайдаланған кезде кескін бірқалыпты көрінеді. Unified Underglass технологиясы артқы экран мен камера блогын біртұтас шыны жабынның астына біріктіріп, көзге көрінетін шекаралары жоқ тұтас бет қалыптастырады. Ал Corning® Gorilla® Glass Victus® 2 қорғаныш шынысы құрылғыны құлаған кезде зақымданудан жақсырақ қорғайды.
Артқы дисплей смартфонның негізгі камералары арқылы селфи, топтық фотосурет және видеоблог түсіру кезінде көріністапқыш ретінде пайдалануға болады. Бұл флагман деңгейіндегі сапалы кескін алуға мүмкіндік береді. Топтық селфи түсіргенде, кадрда үш адамнан көп адам анықталса, камера автоматты түрде ультра кең бұрышты объективке ауысады. Сондай-ақ 8K ажыратымдылығында секундына 30 кадрға дейін бейне түсіру және кескінді нақты уақыт режимінде алдын ала көру мүмкіндігі артқы камералармен сапалы бейнеконтент жасауды жеңілдетеді.
Артқы дисплей күнделікті смартфон пайдалануды да ыңғайлы етеді. Қосымша экраннан қоңыраулар туралы хабарламаларды, картографиялық сервистердегі ақпаратты, такси сапарлары мен тамақ жеткізу қызметтеріне қатысты мәліметтерді және басқа да жаңартуларды жылдам көруге болады. Pin to Back Display функциясы мәтіндік және графикалық ақпаратты, мысалы, отырғызу талоны немесе QR-кодты экранға бекітіп қоюға мүмкіндік береді. Осылайша, қажетті ақпарат әрдайым қолжетімді болады. Бұған қоса, пайдаланушылар артқы экранды түрлі динамикалық тұсқағаздар арқылы өз қалауынша баптай алады.
Жасанды интеллект Back Display экранымен өзара әрекеттесу және оны жекелендіру мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтеді. AI Interpreter функциясы смартфонның екі экранын да нақты уақыт режимінде аударма жасау құралына айналдырады. Жеке әңгімелесу кезінде әрбір сұхбаттасушы өзіне қараған экраннан аударманы өз тілінде көре алады.
Leica оптикасы және интеллектуалды бағдарламалық қамтамасыз ету: саяхатқа арналған әмбебап камерафон
Xiaomi 18 Pro сериясы озық аппараттық шешімдер мен интеллектуалды бағдарламалық қамтамасыз етуді біріктіру арқылы мобильді фотосуретті жаңа деңгейге көтереді. Leica компаниясымен бірлесіп әзірленген жетілдірілген оптикалық жүйе сапалы түсірілімнің технологиялық негізін қаласа, жасанды интеллект мүмкіндіктері шығармашылыққа арналған қосымша құралдарды ұсынады.
Xiaomi мен Leica серіктестігінің бес жылдығына орай шығарылған Xiaomi 18 Pro сериясы Xiaomi компаниясының озық технологияларын Leica премиум оптикасымен біріктіруді жалғастырып, мобильді фотосурет мүмкіндіктерін кеңейтеді. Жаңа смартфондардың негізгі ерекшелігі – Leica Dual-200MP камера жүйесі. Оптикалық жүйелерді ықшамдау саласындағы соңғы жетістіктердің арқасында инженерлер Xiaomi компаниясының ең озық камера жүйелерінің бірін артқы экраны бар корпусқа орналастыра алды.
Негізгі камера Leica UltraPure Optical Design оптикалық жүйесімен және f/1,67 диафрагмасы бар Leica Summilux объективімен жабдықталған. Мұндай үйлесім кескіннің айқындығын, жоғары детальдылығын және түстердің табиғи берілуін қамтамасыз етеді. Перископтық телефотообъективте жарықты бағыттау мен фокустауды бір оптикалық элементке біріктіретін жаңа Power Prism модулі қолданылады. Соның арқасында камера нарықтағы басқа Pro Max модельдерімен салыстырғанда жарықты 177%-ға көбірек қабылдайды.⁸
Екі камера да 200 мегапиксельді сенсорлармен жабдықталған: негізгі камераның сенсоры – 1/1,28 дюйм, ал перископтық телефотообъективтікі – 1/1,56 дюйм. Бұл суреттің белгілі бір бөлігін қиып алғаннан кейін де жоғары детальдылық пен айқындықты сақтауға мүмкіндік береді.
Xiaomi 18 Pro Max моделінде негізгі камераның мүмкіндіктері 16,2 EV динамикалық диапазоны бар Light Fusion 960L сенсоры арқылы одан әрі кеңейтілген. Ол жарық көзінің тура қарсысынан түсірген кезде де кадрдағы бөлшектерді сақтауға көмектеседі.
200 мегапиксельді перископтық телефотообъектив түсірілімнің кең ауқымды мүмкіндіктерін ұсынады. Атап айтқанда, 75 мм фокустық қашықтықтағы классикалық портреттерден бастап, 150 мм баламалы фокустық қашықтықтағы оптикалық масштабтау сапасымен үлкейтуге дейін мүмкіндік бар. Бұл ретте күндіз де, түнде де кескіннің жоғары айқындығы сақталады. Жақын қашықтықтан түсіру үшін ең аз фокустау қашықтығы 12 см болатын телемакро режимі қарастырылған. Ол нысандардың ең ұсақ құрылымы мен бөлшектерін көрсетуге мүмкіндік береді.
Аппараттық жаңартулармен қатар Xiaomi 18 Pro сериясы жасанды интеллект қолданылатын мобильді фотосурет саласындағы компанияның жаңа жетістіктерін көрсетеді. Бұл кәсіби фотографтарға шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектеседі. Смартфонға орнатылған Xiaomi кескін өңдеу моделі негізінде жұмыс істейтін Essential Moment функциясы фотосуреттің үш классикалық стилін ұсынады: B&W Film – классикалық ақ-қара пленкалы фотосуретке тән реңктердің тереңдігі мен байлығын береді; Iconic CCD – CCD сенсорлары қолданылған цифрлық камералар дәуіріне тән қанық әрі жарқын түстерді жаңғыртады; Modern Vintage – талғампаз түс реңктерін табиғи детальдылықпен үйлестіріп, уақыт сынынан өтетін эстетиканы қалыптастырады.
Сондай-ақ пайдаланушыларға екі классикалық объективтің оптикалық ерекшеліктерін қайталайтын әсерлер қолжетімді: деректі түсірілімге арналған 35 мм объектив және жұмсақ боке әсері бар 75 мм портреттік объектив.
Қосымша шығармашылық құралдар Xiaomi Creativity Assistant жүйесіне біріктірілген.⁹ Түсірілім кезінде AI Portrait Lighting функциясы жарық арттан түскен жағдайда жеткілікті жарықтанбаған беттерді интеллектуалды түрде жарықтандырып, табиғи портреттер жасауға көмектеседі. Xiaomi ProCut функциясы нақты уақыт режимінде кадрды қиып алу мен композицияны жақсарту нұсқаларын ұсынады. Ал түсірілімнен кейін AI Composition фотосуретті автоматты түрде талдап, композицияны көркем етуге арналған кадрлау нұсқаларын ұсынады. Үнемі толықтырылып отыратын жасанды интеллект құралдары түсірілімнен бастап соңғы өңдеуге дейінгі кескінмен жұмыс істеу үдерісін түгел қамтиды.
Бейнежасайтын контент авторлары үшін Xiaomi 18 Pro сериясы Dolby Vision форматында секундына 120 кадрға дейінгі жиілікпен 4K ажыратымдылығында бейне түсіруді, сондай-ақ 10-биттік Log форматында және секундына 30 кадрмен 8K форматында түсіруді қолдайды. Селфи мен видеоблогтарды негізгі камералар арқылы түсіруді жеңілдететін Back Display артқы экранының арқасында Xiaomi 18 Pro сериясындағы смартфондар саяхат кезінде фото және бейнетүсірілім жасауға арналған әмбебап құралға айналады.
Snapdragon® Dual 8 Elites платформаларының әлемдік тұсаукесері: өнімділіктің жаңа деңгейі¹⁰
Xiaomi 18 Pro сериясы Qualcomm Snapdragon® Dual 8 Elites¹ жаңа мобильді платформаларымен жабдықталған әлемдегі алғашқы смартфондардың қатарына енді. Xiaomi 18 Pro Max қазіргі уақытта Qualcomm компаниясының ең қуатты мобильді платформасы – Snapdragon® 8 Elite Extreme Gen 6 негізінде жұмыс істейді. Ал Xiaomi 18 Pro моделіне Snapdragon® 8 Elite Gen 6 процессоры орнатылған.¹
Екі чип те озық 2 нм технологиялық үдеріс бойынша Gate-All-Around (GAA) транзисторлық архитектурасын қолдана отырып жасалған. Бұл жоғары жүктеме кезінде энергия тұтыну мен жылу бөлінуін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Платформалардың негізінде төртінші буындағы Oryon™ процессоры жатыр. Ол екі жоғары өнімді Prime ядросынан және алты Performance ядросынан тұрады. Бұл ретте Prime ядролары әлемде алғаш рет 5 ГГц-ке дейінгі жиілікте жұмыс істей алады.
Snapdragon® 8 Elite Extreme Gen 6 платформасында орталық процессордың өнімділігі 13%-ға дейін артқан.¹¹ Архитектурасы жаңартылған Adreno™ графикалық процессоры өнімділікті 44%-ға дейін жақсартады,¹² ал Hexagon™ нейропроцессоры 35%-ға жылдам жұмыс істейді.¹³ Екі платформаның да жетілдірілген есептеу мүмкіндіктері құрылғының өзінде жасанды интеллект көмегімен көбірек тапсырма орындауға мүмкіндік береді. Олардың қатарында интернетке қосылмай аударма жасау және мәтінмен жұмыс істеу де бар.¹⁴
Салқындату тиімділігін арттыру үшін Xiaomi 18 Pro Max моделінде Offset PoP Packaging технологиясы қолданылған. Ол процессордан жылуды мыс өткізгіш элемент арқылы буландыру камерасына тікелей беруді қамтамасыз етеді. Бұл құрылымды жаңа буындағы Xiaomi 3D IceLoop салқындату жүйесі толықтырады. Ол жылу әкету тиімділігін 50%-ға дейін арттырып, қарқынды жүктеме кезінде смартфонның ең жоғары өнімділігін ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Есептеу платформасы мен салқындату жүйесін оңтайландыру нәтижесінде Xiaomi 18 Pro Max AnTuTu тестінде өз санатындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірін – 5 031 155 ұпай жинаған.¹⁶
Смартфонның ұзақ уақыт қуатсыз жұмыс істеуін кремний-көміртекті Xiaomi аккумуляторы қамтамасыз етеді. Оның құрамындағы кремний үлесі – 28%.⁸ Мұндай құрылым құрылғының ішкі кеңістігін тиімді пайдалануға және смартфон көлемін айтарлықтай ұлғайтпай-ақ батарея сыйымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Xiaomi 18 Pro Max сыйымдылығы 7050 мА·сағ (әдеттегі көрсеткіш) аккумулятормен жабдықталған. Ол 100 Вт қуатпен сымды HyperCharge және 50 Вт қуатпен сымсыз зарядтауды қолдайды.
Xiaomi 18 Pro моделінің аккумулятор сыйымдылығы – 6000 мА·сағ (әдеттегі көрсеткіш). Ол 90 Вт қуатпен сымды HyperCharge және 50 Вт қуатпен сымсыз зарядтауды қолдайды.¹⁷
Құпиялылықты қорғаудың жаңа деңгейі бар флагмандық дисплей
Xiaomi 18 Pro сериясы кескіннің жоғары айқындығын, жарықтығын және түстердің дәл берілуін қамтамасыз ететін едәуір жетілдірілген дисплейлерге ие болды. Осы серияда алғаш рет ұсынылған Xiaomi HyperRGB 2.0 технологиясы пиксельдердің тәуелсіз құрылымын пайдаланады. Әрбір пиксель қызыл, жасыл және көк түсті субпиксельдердің толық жиынтығынан тұрады. Бұл экран кескінінің айқындығын және энергия тиімділігін арттырады. Әртүрлі пайдалану жағдайында 4000 нитке дейін жететін ең жоғары жарықтық экрандағы ақпаратты тікелей күн сәулесінің астында да анық көруге мүмкіндік береді. BT.2020 кең түс ауқымы қанық әрі дәл түстерді көрсетеді. Дисплей күні бойы жайлы пайдалануға арналған TÜV Rheinland Triple Eye Care Certification сертификатының үш талаптарына сәйкес келеді. Экранға орнатылған ультрадыбыстық саусақ ізін сканерлеу жүйесі, тіпті қол дымқыл болған жағдайда да смартфонның құлпын жылдам әрі қауіпсіз ашуға мүмкіндік береді.
Жұқа корпус және айрықша премиум дизайн
Xiaomi 18 Pro сериясы екі өлшемде ұсынылады. Xiaomi 18 Pro моделіне диагоналі 6,4 дюйм болатын ықшам дисплей орнатылған. Корпусының ені – 72 мм. Бұл смартфонды бір қолмен пайдалануды ыңғайлы етеді. Ал Xiaomi 18 Pro Max моделінің экраны 6,9 дюймге дейін үлкейтілген. Ол бейне көруге, ойын ойнауға және бірнеше тапсырманы қатар орындауға көбірек кеңістік ұсынады.¹⁹
Негізгі дисплейдің төрт жағындағы жақтаулардың қалыңдығы небәрі 0,99 мм.⁸ Мұндай нәтижеге корпустың енін ұлғайтпай-ақ экранның пайдалы ауданын барынша арттыруға мүмкіндік беретін LIPO құрастыру технологиясының арқасында қол жеткізілген.
Смартфондар төрт түсте ұсынылады: Black (қара), White (ақ), Cosmic Blue (ғарыштық көк) және фирмалық Velvet Red (барқыт қызыл).²⁰ Velvet Red түсі қанық әрі терең реңкті жылы фактурамен үйлестіріп, құрылғының премиум сипатын айқындайды.
Интеллектуалды мүмкіндіктер және түрлі экожүйелер арасындағы өзара әрекеттесу
Xiaomi 18 Pro сериясы жаңа Xiaomi HyperOS 4 операциялық жүйесімен жұмыс істейді. Ол күнделікті смартфон пайдалануға үш негізгі қағидатқа сүйенген жаңа тәсілді ұсынады: Effortless Performance, Effortless Aesthetics және Effortless Interaction. Яғни жоғары өнімділік, ойластырылған эстетика және ыңғайлы өзара әрекеттесу. Effortless Performance қағидаты Xiaomi HyperCore оңтайландырылған архитектурасы, Precision Workload Scheduling интеллектуалды есептеу міндеттерін бөлу жүйесі, деректерді жадқа алдын ала жүктеу және Xiaomi HyperOS қолданбаларының жаңартылған жұмыс ортасы арқылы жүйенің барынша бірқалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Effortless Aesthetics жүйенің жұмсақ жарықтандырылған шыны әсері, интерактивті жарық эффектілері және бейімделетін кеңістіктік тереңдігі бар жаңартылған визуалды стилін ұсынады. Бұл интерфейсті әсерлі етіп, құлыптау экраны мен хабарламалардың көрсетілуін жеке қалауға сай икемдеуге мүмкіндік береді.
Құрылғылардың өзара әрекеттесу мүмкіндіктерін кеңейтіп, Xiaomi өнімдері мен басқа экожүйелердегі құрылғылар арасында ыңғайлы жұмыс істеуге және файл алмасуға жағдай жасайды.²¹ Жаңа Xiaomi Smart Hub жиі пайдаланылатын жеке құрылғылар мен тұрмыстық техниканы жылдам қол жеткізу үшін Басқару орталығына бекітуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект күнделікті міндеттерді орындауды да жеңілдетеді. Жүйеге біріктірілген Google Gemini²² көмекшісі табиғи тілде берілген сұраулар арқылы бірнеше қолданбада қатар әрекет орындауға көмектеседі. Ал Google ұсынған Circle to Search²³ функциясы смартфон экранындағы ақпаратты жылдам іздеуге және аударуға мүмкіндік береді. Xiaomi 18 Pro Max моделі дыбысты жаңғырту және тактильді кері байланыс мүмкіндіктерін де кеңейтеді.
X осі бойынша жұмыс істейтін CyberEngine кең жолақты сызықтық діріл қозғалтқышы күшті әрі дәл тактильді жауап береді. Соның арқасында мәтін теруден бастап ойын ойнауға дейінгі смартфонмен өзара әрекеттесу барынша сезімтал әрі шынайы болады. Үш динамиктен тұратын симметриялы жүйе дыбысты қанық әрі кеңістіктік әсермен жеткізеді. Xiaomi Privacy Call технологиясы телефонның артқы динамигін пайдаланып, дыбыс толқындарын қарама-қарсы фазада шығарады. Бұл телефонмен сөйлескен кезде дауыстың айналадағы адамдарға естілуін азайтады.²⁵
Фирмалық аксессуарлар арқылы қосымша мүмкіндіктер
Xiaomi 18 Pro сериясына смартфондарды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтетін арнайы аксессуарлар топтамасы әзірленген. Фирмалық магнитті қаптамалардың екі түрі үйлесімді сымсыз зарядтау құрылғыларын, сыртқы аккумуляторларды, автокөлік ұстағыштарын және тіреуіштерді жылдам әрі сенімді бекітуге мүмкіндік береді.
2026 жылғы жағдай бойынша Xiaomi алтыншы жыл қатарынан әлемдегі ең ірі смартфон өндірушілерінің үштігіне кіреді және Fortune Global 500 рейтингінде сегізінші жыл қатарынан тұр. Xiaomi 18 Pro сериясының іске қосылуы компанияның премиум сегменттегі даму стратегиясындағы кезекті маңызды жетістік әрі «Адам × Автомобиль × Үй» (Human × Car × Home) интеллектуалды экожүйесін қалыптастырудағы елеулі қадам болды. Ұзақ мерзімді стратегиясын жүзеге асыруды жалғастыра отырып, Xiaomi 2026–2030 жылдар аралығында әлем бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға 24 млрд еуродан астам инвестиция салуды жоспарлап отыр. Қаражат жасанды интеллект, операциялық жүйелер, меншікті жартылай өткізгіш шешімдер, интеллектуалды автомобильдер, робототехника және ақылды өндіріс сияқты озық технологияларды дамытуға бағытталады. Алдағы уақытта Xiaomi әлемдік нарықтың премиум сегментіндегі позициясын нығайтып, пайдаланушыларға технологиялармен интеллектуалды өзара әрекеттесудің бұдан да кең мүмкіндіктерін ұсынуды көздейді.
Бағасы және қолжетімділігі
Xiaomi 18 Pro Max смартфоны төрт түсте ұсынылады: Velvet Red (барқыт қызыл), Black (қара), White (ақ) және Cosmic Blue (ғарыштық көк).²⁰ Модель жадының екі конфигурациясында шығарылады²⁶: 12+512 ГБ – 799 990 теңгеден басталады; 16+1024 ГБ нұсқасы сәл кейінірек қолжетімді болады. Жаңалықтарды компанияның әлеуметтік желілері мен ресми сайтынан бақылауға болады.
Xiaomi 18 Pro смартфоны да төрт түсте ұсынылады: Velvet Red (барқыт қызыл), Black (қара), White (ақ) және Cosmic Blue (ғарыштық көк).²⁰ Бұл модель жадының екі конфигурациясында шығарылады:²⁶ 12+256 ГБ – 649 990 теңге және 12+512 ГБ – 699 990 теңге.
Сату кезеңі 25 қарашадан 3 қаңтарға дейін жалғасады. Осы уақытта смартфон сатып алғандарға Xiaomi Semi-automatic Espresso Machine мүйізшелі кофеқайнатқышы сыйға беріледі. Ал 17–24 қараша аралығында алдын ала тапсырыс берген сатып алушылар қосымша 20 000 теңгелік жеңілдік купонын алады.
Бұған қоса, сатып алушылар бірқатар қосымша артықшылықтарды тегін пайдалана алады:²⁷ Google AI Pro – Google AI мүмкіндіктеріне кеңейтілген қолжетімділік пен 5 ТБ бұлтты сақтау орнын ұсынатын үш айлық сынақ мерзімі.²⁸ YouTube Premium – жарнамасыз көру, YouTube және YouTube Music платформаларындағы контентті офлайн режимде жүктеп алу және тыңдау мүмкіндіктері бар үш айлық сынақ мерзімі.²⁹ Сонымен қатар басқа да артықшылықтар қарастырылған. Толық ақпарат mi.com сайтында жарияланған.
Тапсырыс беру үшін mi.com ресми сайтына немесе kaspi.kz платформасындағы Xiaomi Official Store дүкеніне өту қажет.
Айта кетер жайт: смартфонды тіркеу кезінде қиындықтар туындамауы үшін Xiaomi компаниясының сертификатталған сату арналары арқылы сатып алу ұсынылады. Олардың қатарында mi.com ресми сайты, kaspi.kz платформасындағы Xiaomi Official Store дүкені және авторизацияланған серіктестер бар.
Құрылғылардың фотосуреттері мына сілтемеде қолжетімді:








