Компания киберспортты, классикалық спортты және технологияларды біріктіретін халықаралық турнирді қолдап, қатысушылар мен көрермендерді сапалы мобильді байланыспен қамтамасыз етеді.
Beeline Қазақстан халықаралық «Болашақ ойындары 2026» турнирінің ресми телеком-серіктесі атанды. Жарыс 29 шілдеден 9 тамызға дейін Астанада өтеді және киберспортты, классикалық спортты және заманауи технологияларды біріктіреді.
Турнир форматы фиджитал-салаларға негізделген, яғни қатысушылар тек цифрлы ортада ғана емес, нақты спорт алаңдарында да бақ сынайды. Бағдарламада футбол, баскетбол, билеу, Battle Royale, MOBA PC, MOBA Mobile және жекпе-жек түрлері бар. Турнирге 50-ден астам елден 848 қатысушы қатысады, ал жалпы жүлде қоры 4 млн АҚШ долларынан асады.
Ауқымды іс-шаралар кезінде мобильді байланыс жоғары жүктемемен жұмыс істейді. Бір алаңда бір уақытта қатысушылар, командалар, еріктілер, техникалық қызметтер, медиа және көрермендер жиналады. Адамдар смартфонын пайдаланып, фото және видео жариялайды, хабарлама алмасады. Сондықтан, спорт пен цифрлы орта тікелей байланысатын «Болашақ ойындарында» сапалы мобильді байланыс іс-шараның маңызды бөлігіне айналады.
Осы рөлде Beeline Қазақстан турнирдің ресми телеком-серіктесі ретінде әрекет етеді. Компания елдің барлық өңірінде жұмыс істейді және мобильді желісі ең кең таралған оператор болып қала береді. Бүгінде компанияның қызметтерін 11,7 миллионнан астам абонент пайдаланады.
Байланыс инфрақұрылымын дамытумен қатар, Beeline цифрлы өнімдер мен ойын сервистерін кеңейтіп жатыр. Мәселен, өткен жылы компания Janymda қолданбасында 200-ден аса жаңа ойынды іске қосу үшін Tencent Cloud-пен серіктестік орнатты. Бұған қоса, көрермен жарыстардың тікелей көрсетілімін BeeTV қолданбасынан тегін көре алады, бұл турнирдің негізгі оқиғаларын кез келген жерден бақылауға мүмкіндік береді. Компания үшін «Болашақ ойындарына» қатысу технологияларды, спортты және жастар аудиториясын біріктіретін жобаларды қолдаудың бір бөлігіне айналды.
«Beeline Қазақстан үшін «Болашақ ойындарының» ресми телеком-серіктесі атану – үлкен құрмет. Біз цифрлы ортаның дамуына ықпал етіп, жастарға өз әлеуетін ашуға көмектесетін бастамаларды қолдаймыз. Киберспорт бүгінде технологияларды, инновацияларды және талантты жастарды біріктіретін ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі. «Болашақ ойындары» маңызды халықаралық оқиғаға айналып, Қазақстанның дамуына үлес қосатынына сенімдіміз», – деді Beeline Қазақстан СЕО-сы Джаббор Каюмов.
Негізгі жарыстар Астананың бірнеше алаңында: Qazaqstan ЖАСК, Samruk-Kazyna Arena, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы және Beeline Arena ұлттық теннис орталығында өтеді. Астанада «Болашақ ойындарын» өткізу елдің спорттық және технологиялық күн тәртібіндегі маңызды оқиға болмақ. Қазақстан үшін бұл жаңа форматтағы халықаралық турнирді қабылдап, спорт, ойын және цифрлы технологиялардың бір жарыс аясында қалай тоғысатынын көрсету мүмкіндігі.








